"Ауылдан базарлық"
14.09.2016 ж.
Базарлық сөзінің астарында қаншалықты мейір-шапағат, сыйластық пен құрмет жатыр десеңізші?! Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша өткізілген жатақхана оқушыларының ата-аналар жиналысында мектебіміздің басшысы Айдарбек Төлепұлы бірнеше жаңа жобаларды ұсынған еді. Солардың бірі «Ауылдан базарлық» жобасы болатын. Ата-ана, бауырларынан жырақ жүрген оқушылар үшін бақытты балалалықтың базарында, ата-аналарының назарында ауыл дәмін татып, бір сәт еркелікпен қара шаңыраққа деген сағыныштарын басып, екінші жағынан туған жер топырағына деген ыстық ықластары мен сүйіспеншіліктері сақталсын деген мақсатта ұсынылған жоба ата-аналар тарапынан да қолдау тапты. 132 орындық жатақханамыздағы оқушылардың 57-сі Атырау қаласының Кең Жылыой ауданынан екен. Жылыойлық ата-аналарымыз қасиетті құрбан айт мейрамы тұсында 14 қыркүйек күні күллі жатақхана оқушылары үшін ақ дастарқанымызды ауыл базарлығымен толтырды. Оқушылар туған жердің тарихына шолу жасап, ел мерейін тасытып, абыройын асқақтатып жүрген аға-апалары туралы баян етті. Ән-күйден шашу шашқан әдемі кеш барша оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шықты. Өздерінің алғаш әліппені қолға алып, білім нәрін жиған алғашқы ұстаздары мен ел қамын ойлап, еңбек етіп жүрген ел ағаларына |
деген ыстық ықласы мен ризашылықтарын Кең Жылыой ауданы әкімінің атына жолдаған хаттарында баян еткен жас зияткерлер Назарбаев Зияткерлік мектебі қабырғасында алып жатқан үздік білім-дағдылары мен тәжірибелерін Қазақстандық және әлемдік жоғары оқу орындарында жалғастыра отырып, Тәуелсіз еліміздің қай түкпірінде жүрсе де туған ел абыройын асқақтата жүріп, қоғам игілігі үшін пайдалы іске жұмсайтындықтарын білдірді және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. Тәуелсіздігіміздің жемісі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері болғанын мақтан ете отырып, Елбасының ел болашағы үшін жасап отырған білім жолындағы қадамына, осынау тағдыр сыйына ризашылықтарын білдірді. Балаларының шексіз ризашылықтары мен қуанышын көрген ата-аналар әрдайым оқушылардың ортасынан табылып, қолдау көрсетіп отырған мектеп директоры мен әкімшілігіне алғыстарын білдірді. Кешімізге қатысқан халықаралық ұстаздарымыз балалармен бірге қазақ тілінде ән салып, ауыл базарлығынан дәм татты. Жылыойлық ата-аналарымыз Кең Жылыой тарихы мен белді тұлғалары туралы жазылған тамаша туындыларды тарту етті. Балалардың базары таусылмасын, дастарқанымыз ақтан арылмасын! Қасиетті халқымыздың тамаша дәстүрлері жалғаса берсін деп тілейміз! |